ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы 5 бағытты қамтиды. Бұл - индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия және энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осы бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 56 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. 

«Индустриялық-инновациялық даму» бағыты шеңберінде екі негізгі міндет айқындалды: өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту. Бірінші міндетті шешу үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға жұмсалған шығындарын өтеуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру көзделеді. 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіптегі цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 7-ден 23%-ке дейін арттыру жоспарлануда.  2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн теңгеден аса инвестиция тартылады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2020 жылдың деңгейіне 1,5 есеге артады. 
«Мұнай-газ химиялық кешенін дамыту» бағыты шеңберінде шикізаттық емес экспортты ұлғайту және ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиялық өндірісі іске қосылады. 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауыты пайдалануға беріледі», - деді спикер.  


Нәтижесінде мұнай-газ химиялық өнімін өндіру көлемі 140 мыңнан 2 млн тоннаға дейін артып, мұнай-газ химия өнімі импортының үлесі 87%-тен 72%-ке азаяды. Бұл ретте дайын мұнай-газ өнімдерінің экспорты 9 есе 1,4 млрд. АҚШ долларына артады.