Министрлік «Pfizer» компаниясының «Comirnaty» вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын сатып алды, бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. 


«Республикаға 379 мың доза көлемінде бірінші партиясы жеткізілді, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін ұсынады. Жасөспірімдерді вакцинациялауға білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің ақпараттандырылған жазбаша келісімімен ғана жол беріледі, ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша жасөспірімдер медициналық ұйымның егу пункттерінде егіле алады», - деді Алексей Цой. 


Ал вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне келсек, сақтау мен тасымалдаудың әртүрлі деңгейлерінде «суық тізбек» қамтамасыз етіледі. Comirnaty/Pfizer вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, вакцинаны сақтау және тасымалдау ережелерін сақтау бойынша шаралар қабылданды.

 
«Облыстық қоймада вакцина 60-90 градус температурада сақталады. Вакцина 6 дозалы, әдеттегі тоңазытқыш жағдайында, яғни егу пункттерінде +2 - +8 температурада вакцинаны басқа инфекциялық ауруларға қарсы қолданылатын вакциналар сияқты 31 күн сақтауға болады. Вакцина білім беру ұйымдарында 1 жұмыс күніне арналған шығынды ескере отырып, термоконтейнерлерде тасымалданады. Вакцинация бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықпен екі рет жүргізіледі. Әлемдік тәжірибеге сәйкес балаларды вакцинациялау әлемнің 30-дан астам елінде жүргізілуде, оның ішінде 15-тен астам елде балаларды вакцинациялау үшін «Pfizer» вакцинасы пайдаланылады. Негізінен 12 жастан асқан балалар егіледі, алайда жекелеген елдерде вакцинация, мысалы Қытайда 3 жастан және АҚШ-та 5 жастан бастап жүргізілуде», - деді еліміздің бас дәрігері.  


Бүгінгі күні әлемде коронавирустық инфекцияға қарсы 60 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер егілді.