Оның айтуынша, биыл 250 млн кВт\сағ көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалды. Ол Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтелді. Бүгінгі таңда Министрлік 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру және тұтыну балансын әзірледі. 


«2030 жылға дейін 11 ГВт қуаттылықты іске қосу жоспарлануда. Осыған қол жеткізу үшін келесідей шаралар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 1 100 МВт көлемінде жұмыс істеп тұрған электр станциялары жаңғыртылады. Сондай-ақ, 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерация салынып, жаңартылатын энергия көздерін іске қосу шеңберінде 7 ГВт өндіруші қуаттар іске қосылады. Осылардың есебіне 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВт\сағ дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы. 


Бүгінгі таңда 3 жоба электр энергетикасы саласын дамытудың жетекші жобалары болып табылады. Бірінші, Ақтөбе жылу электр орталығында құны 21,7 млрд теңге кәдеге жаратушы қазандығы бар газ турбиналы қондырғысын салу. Оның электр қуаты 57 МВт-ты құрайтын болады. Сонымен қатар, Екібастұз бірінші станциясында электр қуаты 500 МВт-ты құрайтын бірінші Энергия блогын қалпына келтіру. Жобаның құны – 110,5 млрд теңге. Үшінші, қуаты 636 МВт, құны 450 млрд теңге болатын №3 энергия блогын орната отырып, Екібастұз екінші станциясын кеңейту және реконструкциялау.  Осы жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай жиынтық белгіленген қуаты 1 100 МВт-тан асатын қосымша қуаттарды іске қосу қамтамасыз етіледі.  


«Екібастұз екінші станциясында 4 және 5 блоктарды салу мәселесі де қарастырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Біртұтас энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жалпы жиынтық қуаты 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерацияны енгізу бойынша 7 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалардың жалпы құны – 1,5 трлн теңге. Министрлік осы жобаларды пысықтау бойынша белсенді шараларды қолға алды. Бүгінгі таңда газ станцияларын салу үшін қосымша алаңдар айқындалып, газ генерациясын салу жобаларын іске асыру үшін халықаралық инвесторлар шақырылды», - деді министр.