«Бейнеде көрініп тұрғандай, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге жатқызып, оны теуіп, таяқпен ұрған, екіншісін аяқпен, қолмен, сондай-ақ каскамен бастан ұрып, ауыр зақым келтірген. Сол қалада тәртіпсіздікке қатысушылар жедел жәрдем автомашинасын бұғаттап, ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жарақаттанған полиция қызметкерлерін қайта ұрып-соққан.   Осы фактілер бойынша Атырау қаласының төрт тұрғыны анықталды, олар сот санкциясымен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде таралған бейнероликтерден қылмыстық элементтердің тәртіпсіздіктер барысында полицияның және басқа да органдардың қызметтік автомашиналарын тек қана жойып қоймай, күш қолдана отырып, арнайы көлік құралдарын иемденіп алғаны, кейіннен оларды анағұрлым ауыр қылмыстар жасауға, оның ішінде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді өлтіруге қолданғаны көпшілікке мәлім», + деді ІІМ өкілі.  


Сонымен қатар, Қызылордада 5 қаңтарда әскерилерден тартып  алынған «Камаз» арнайы автомашинасын қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлер тізбегін басып өтуге бағыттаған осы қаланың тұрғыны ұсталды.  Көлікпен басып кетудің нәтижесінде Ұлттық ұланның 19 жасар әскери қызметшісі оқиға орнында көз жұмды.  Ата-анасы жалғыз ұлынан айрылды, тірі күнінде ол бағдарлама жасаумен айналысушы еді және философиямен әуестенген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқыды. Өмірге үлкен жоспарлар жасап, ІТ-маман болуды армандаған еді. 


«Сол күні осы қаланың тағы бір шабуылшысы әскерилерден басқа «Камаз» автомашинасын тартып алып, жедел басқару орталығының жұмысына кедергі жасау мақсатында электр бағанын қасақана соғып, бейнебақылау камераларын істен шығарды. Одан соң жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алу мақсатында қоршаудың қақпасын соқты. Екі оқиға бойынша да күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды, бейнежазбалар олардың кінәсін дәлелдейді. Осыған ұқсас фактілер мемлекеттің бірқатар өңірінде, әсіресе Алматыда орын алды. Мысалы, осы қалада жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметкерлерге дене жарақаттарын келтіру үшін металл кесінділерін әзірлеп, қаланың көшелерінде «Газель» автомашинасымен жүріп, оларды наразылық білдірушілерге таратқан алты адам ұсталды. Әлеуметтік желілерде осы құралдарды билік өкілдеріне қарсы қолданудың көптеген бейнежазбалары бар. Шабуылдарда «Аралас шабуыл» технологиясы қолданылды. Ойластырылған жоспар бейбіт митингті ұйымдастырып оның қалқасында қалаға ұрыс топтарын кіргізуді және «ұйықтап жатқан ұяларды» оятуды қамтыған. Бұл – елде билікті ашық қарулы басып алу әрекеті болды, ол көптеген қалаларда сол аумақта мемлекеттік биліктің нысаны ретінде әкімшіліктер мен полиция ғимараттарына бір уақытта шабуыл жасау мен басып алумен дәлелденеді», - деп мәлімдеді Әділов.