«Елімізде 90 мың тоннаға жуық қант бар, оның ішінде 38 мыңы тұрақтандыру қорларында, сауда объектілерінде. Одан бөлек 47 мың тонна - қант зауыттарында. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 2,5 мың тонна қант бар. Қант тапшылығы туындады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себепсіз дүрбелең тудырмауларыңызды сұраймыз. Жалпы есеппен, қазіргі қолда бар қант көлемі есебінен және Еуразиялық экономикалық одақтың шешіміне сәйкес 250 мың тонна баж салығынан босатылатын қант көлемінің арқасында биыл ішкі нарықты қантпен толықтай қамтамасыз ете аламыз», - деді ведомство өкілі.  


ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың мәліметінше, осы күндері қант бағасының өсуіне сұраныстың артуы себеп болған.  


«Біздің мәліметтер бойынша 5 күннің ішінде «Магнумда» 540-550 тонна қант сатып алынды. Ал бұрын 5 күнде 170 тонна қант сатылатын. Осыған орай қант бағасы аздап өсті. Бірақ ЖАО бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп жалпы бағаны себепсіз көтерген кәсіпкерлерді тексеріп, тиісті шара қолдана алады. Осы аталған шаралар қабылданған соң, баға тұрақтануы мүмкін», - деді спикер.