Тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Бақыт Сұлтанов Түркия маңызды стратегиялық сауда-экономикалық әріптес болып табылатынын және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бестігіне кіретінін атап өтті. 26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 21,2 есе өсті, бұл ретте экспорт 42,1 есе, ал импорт 9,3 есе өсті.

Тараптар елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайту әлеуеті бар тауарлар тізбесімен алмасты.

Атап айтқанда, біздің еліміз машина жасау, химия, металлургия, тамақ, аэроғарыш өнеркәсібі сияқты салалардың 89 тауар позициясы бойынша Түркияға $547,1 млн.сомасына өнімнің шикізаттық емес экспортын өсіруге дайын.

Бұдан басқа, екі елдің министрлері ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы уағдаласты, оның сарапшылары екі елдің бизнес-қауымдастықтарымен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және тереңдету жөніндегі салалар мен кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пысықтайды. Бұл Мемлекет басшыларының өз үкіметтеріне тауар айналымының көлемін $10 млрд-қа дейін жеткізу туралы тапсырмаларын іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

"Біздің таяу келешектегі басты міндетіміз - сауданың оң серпінін сақтау, бұл жеткізілетін тауарлар номенклатурасын әртараптандыруды және кеңейтуді талап етеді. Өндірістік тізбектер мен экспортқа бағдарланған жаңа кәсіпорындарды құру осыған ықпал ететін болады", - деп атап өтті Б.Сұлтанов.

2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 33,3% - ға өсіп, $4,1 млрд-ты құрады, бүгінгі күні қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын, атап айтқанда, бидай, мақта талшығы, көкөніс жеткізудің оң серпіні байқалады.

Қазақстан басқа елдерден импортталатын тауарлармен салыстырғанда баға артықшылығына ие экологиялық таза ауыл шаруашылығы және жоғары сапалы өнімді Түркияға экспорттау үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап өткен жөн.

 

Анықтама: 2021 жылы Қазақстан сыртқы сауда айналымында үлес салмағы 0,6% болатын Түркияның 37-ші сауда серіктесі болды. Түркия үлес салмағы 4,0% Қазақстанның 5-ші сауда серіктесі.