Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында институт директоры Еркін Түкімов сауалнама нәтижелерін жариялады. Жалпы, Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстан 1200 респондент сауалнамаға қатысқан.
«Әлеуметтік сауалнамамыздың деректеріне сәйкес, референдумға бүкіл халықтың 66,4%-ы қатысуға ниетті. Естеріңізге сала кетейік, заңнамаға сәйкес, сайлаушылардың 50%-дан астамы қатысқан кезде референдум өткізілген болып есептеледі. Жалпы, қазақстандықтардың 70%-ы алдағы жалпыұлттық референдум туралы естіген. ҚСЗИ зерттеулерінің нәтижелері көрсеткендей, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақстандықтардың 76,4% қолдайды. Яғни, қазақстандықтардың басым бөлігі болып жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Тек 15,4% - референдум идеясын қолдамайды және таңдау туралы шешім қабылдамағандар саны - 8,2%. Соңғы көрсеткіш нәтижеге әсер етпесе де, әрбір 10-шы қазақстандық әлі шешім қабылдамаған дегенді білдіреді. Сондықтан біздің сарапшы ретіндегі міндетіміз реформалардың мәні мен маңыздылығын, жаңа Қазақстанды, жаңа құқықтық мемлекетті құруда референдум өткізудің қажеттігін одан әрі нақты, айқын түсіндіру», - деді модератор сарапшылар кездесуінің мақсатын белгілей отырып.