Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрында Асанәлі Әшімовтің 85 жас мерейтойына орайластырылған «Тағдыр тақтасы» атты қойылымды сахналады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға аймақ басшысы мен мерейтой иесі және өнер майталмандары қатысты.

Шара көрнекті театр және кино актері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Ең­бек Ері Асанәлі Әшімовтің 85 жас мерейтойына орайластырылған өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Тағдыр тақтасы» атты драмасымен ашылды.

Қойылымнан кейін облыс әкімі мерейтой иесін құттықтады.

- Қазақ руханиятының тарихында аты аңызға айналған айтулы тұлғалар жетерлік. Бірақ олардың бәрімен кездесу бақыты бұйыра бермейді. Бүгін, міне көзі тірісінде аңызға айналған, театр мен кино өнерімен қазақтың атын әлемге танытқан тұлғамен жүздесіп отырмыз. Киелі өнерді қашанда құрмет тұтатын атыраулық көрерменді осынау керемет сәттің куәсі болуымен құттықтаймын! Асанәлі Әшімовтің өмір жолы өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы. Қазақтың қадірлі біртуар ұлына денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін! Халқыңыздың аялы алақанында тербеліп, аман-есен жүре беріңіз, деді облыс басшысы.

Мерейтой иесі Асанәлі Әшімов ыстық ықыласпен қарсы алған атыраулықтарға алғысын айтты.

- Өнер – халықтікі, сондықтан бұл жолғы сапар – сіздердің алдарыңыздағы шығармашылық есеп беру. Біз үшін көрерменнің құрметі мен қошеметінен асқан бақыт жоқ. Елім «ерім» деп еміреніп жатса, 85 жылдың текке өтпегені шығар, деді Асанәлі Әшімов.

Шара соңында Асанәлі Әшімов «Тағдыр тақтасы» драмасын сахналаған «Жаңа ғасыр» театрының актерлеріне ризашылығын білдірді.