Жалпы, цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар Қаржы министрлігі қызметінің стратегиялық және бюджеттік жоспарлау; мемлекеттік сатып алу; Қазынашылық жүйелерінде бюджеттің атқарылуы; мемлекеттік аудит және камералдық бақылау; салық және кедендік әкімшілендіру сияқты барлық бағыттарын қамтиды.
«Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау рәсімдерін цифрландыру мақсатында «Мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Соңғы екі жылда жобаның бірінші және екінші кезеңі аяқталды. Бұл республикалық бюджетті электронды түрде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жоба аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды байланыстыру рәсімдері цифрландырылды. «Стратегиялық жоспарлау» функционалы аясында жүйеге 10 Ұлттық жобаның 9-ы енгізілді, біреуі құпия болып табылады және жүйеге енгізілмейді. Сондай-ақ министрліктің жүйелерімен және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйелерімен интеграция жүргізілді. Оның арқасында деректерді енгізу қайталанбайтын болды және қағаз құжат айналымы қысқарды. «Мемлекеттік сараптама» жүйесімен интеграциялау бойынша және трансферттер мен мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыстар аяқталуда», - деді вице-министр.
Осы жылы жоба аяқталғаннан кейін стратегиялық құжаттар мен республикалық бюджетті қалыптастырудың барлық кезеңдері цифрландырылады. Бұл жоспарлау процесін жеңілдетіп қана қоймай, оның ашықтығын да қамтамасыз етеді.