Іс-шараның қонақтары ҚХР Үкіметінің Еуразия елдеріне қатысты істері жөніндегі Арнаулы өкілі Ли Хуэй, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ҚХР-дың ҚР-дағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн, ҚХР мемлекеттік органдары, іскерлік топтары және БАҚ өкілдері, сондай-ақ Қытайдың көптеген туристік компаниялары болды.

Өзінің алғы сөзінде Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев қонақтарды Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен және ҚР Үкіметінің Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларымен таныстырды. Қазақстандық дипломат коронавирустық инфекцияның таралуы жалғасуының ағымдағы жағдайында Қазақстан инновациялық технологияларды қолдана отырып цифрлық туризмді дамытуға үлкен көңіл бөлетінін және осы жұмыста жаңа балама тәсілдерді қолданатынын ерекше атап өтті.

Іс-шараның қатысушыларына бейнеүндеу арқылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, еліміздің туристік әлеуеті туралы айтты және инновациялық көрменің жұмысына үлкен табыс тіледі.

Павильонның өзінде келушілер виртуалды шындық технологиясын (VR) пайдалана отырып, еліміздің ең керемет және көркем жерлерін көруге мүмкіндік алды, ал толықтырылған шынайылық (AR) көзілдірігін киіп, ҚР Ұлттық мұражайының экспозицияларымен танысу арқылы Қазақстанның тарихымен және мәдениетімен таныса алды.

Павильонда Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың 30 жылдық тарихына ерекше назар аударылды. Арнайы интерактивті touch-панелі арқылы қонақтар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған сәттен бастап орын алған кез келген айтулы оқиғаны көре алды.

Қазақстандық павильон қытайлық аудитория тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Бейжің ұлттық аспаптар оркестрі әртістерінің орындауындағы мерекелік концерт іс-шараға ерекше көңіл-күй сыйлады.