Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің VII отырысы аясында бірқатар мәдени іс-шаралар дайындалды. Олар туралы толығырақ онлайн брифингте елорданың Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин айтып берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Алайда, осы оқиғаға арналған іс-шаралар қазірдің өзінде қалада өткізіліп жатыр.
"Әлем музыкасы" жобасы аясында "The most nationalities in an orchestra" атты концерттік іс-шара өтті. Арнайы ұйымдастырылған бағдарламада Гиннестің кітабына енген "ең көп ұлтты оркестр" номинациясында жаңа әлемдік рекорд орнатылды. Оркестр құрамына 75 этнос өкілдері кірді.
10 қыркүйек күні "Барыс Арена" алаңында "We Are the World" жастар музыкалық фестивалі өтті. Концертке Қазақстанның шығармашылық саласының жас өкілдері, танымал әртістер қатысты. Сол күні Р.Бағланова атындағы
"Қазақконцертте" Эстрадалық вокал бойынша Салтанат Меңдіғалиева шеберлік сабағын өткізді.
EXPO аумағында жазғы сахнада ең мықты орындаушылар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен жазғы концерттік бағдарламалар маусымының жабылуына арналған Гала-концерт ұйымдастырылды.
"12-16 қыркүйек аралығында "Ұлы дала сазы" этно-фестивалі өтеді. Ауқымды фестиваль заманауи этникалық жанрда өтеді. Аталған іс-шара "Бәйтерек" монументі аумағында болады. Бұл — қазіргі этникалық музыка жанрындағы ең ірі жобалардың бірі. Этно фестиваль туристерді қазақ халқының бай мәдениетімен таныстырады", - деді спикер.
12-16 қыркүйек аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі аясында төрт блоктан тұратын көрме өтеді:
- көшпенділер аңыздары (суретші Батухан Байменнің графикалық жұмысы, Ұлы Дала тарихы бойынша авторлық инсталляциялар);
- Digital steppe (қорықтық орындар, тарихи ескерткіштер және Қазақстан астанасы туралы видео);
- Патшалар алқабы (Ұлы дала жауынгерлері мен патшаларын қайта құру); Дала қазыналары (қазақ халқының ежелгі және қазіргі заманғы зергерлік бұйымдары, Құранның ежелгі басылымдары).
13 қыркүйек күні "Астана Опера" опера және балет театрында "Бірлік әралуандылықта" атты концерттік бағдарлама өтеді.
Концерттік бағдарлама ұлттық және әлемдік музыка жауһарларынан, түрлі жанрдағы өнер туындыларынан тұрады. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: М. Байнеш, Б. Жанұзақ, Н. Арзамас, Ж.Жаркимбаева, "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының ұжымдары, халықаралық конкурстардың лауреаттары Ж. Маясаров, А. Алғи, "Астана сазы" фольклорлық ансамблі, домбырашылар ансамблі, мемлекеттік Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының би ұжымы, "Астана Балет" Театры өнер көрсетеді.
14 қыркүйек күні "Жастар" сарайында "Наз" мемлекеттік би театрының "Қазақ жәдігері" атты концерттік бағдарламасы өтеді.
15 қыркүйек күні Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында "Жас Абай" спектаклі қойылады.
16 қыркүйекте астаналық циркте "Азия жаңғырығы" фестивалінің гран-при иегерлері, "Барыс" ат-акробатикалық ансамблі, "Duo Love story" белдеулеріндегі әуе гимнасттары, акробаттар мен эквилибристер, үйретілген клоун-иттер мен балет әртістері өнер көрсететін цирк бағдарламасы ұсынылады.
Сол күні сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында КСРО Халық әртісі Күләш Байсейітоваға арналған "Бұлбұл" концертін ұсынады. Халық шығармашылығының жауһарлары ұсынылатын Қазақ оркестрінің XXVI концерттік маусымының ашылуы.
16-17 қыркүйекте "Астана Опера" театрында Борис Асафьевтің "Бақшасарай бұрқағы" драмалық балетінің көрсетілімі өтеді.
17 қыркүйек күні Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт" залында "Ханс Циммер" концерті өтеді. Tynda.music симфониялық оркестр мен хордың орындауында Ұлы кинокомпозитор Ханс Циммердің жаңа музыкалық бағдарламасын ұсынады.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, "Нұр Әлем" Болашақ энергиясы музейінің, "Бәйтерек" монументінің нысандары бойынша экскурсиялар өткізіледі.