Отырысқа мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының төрағасы Чаба Кёрёши, Нобель сыйлығының лауреаты Надия Мурад, азаматтық қоғам және ғылыми орта өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар ұлттық және діни азшылықтар әлі күнге дейін мәжбүрлі ассимиляцияға, қудалауға, кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа, алалаушылыққа және жеккөрушілікке тап болғанын атап өтті. Сонымен бірге, А.Гутерриштің айтуынша, азшылық құқықтары тиісті түрде қамтамасыз етілген мемлекеттер, әдетте, сәтті дамуда.

Өз кезегінде Министр М.Тілеуберді өз сөзінде бейбітшілікте және үйлесімде 130-дан астам халық пен 17 негізгі діни конфессия өкілдері өмір сүріп жатқан Қазақстан этностық немесе діни тиесілілігіне қарамастан, әрқайсысы үшін жақсы өмірді қамтамасыз етуге терең бейілді екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісім үшін қолайлы жағдай жасаудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Қазақстанда 50-ден астам мемлекеттен 100-ден астам рухани лидерлерінің қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің табысты өткенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан СІМ басшысы Қырғыз Республикасының бастамасымен шақырылған тұрақты тау дамуы бойынша жоғары деңгейдегі кеңеске қатысты.

Іс-шараға қатысушылар әлемдік биоалуантүрліліктің 25%-ын және барлық тұщы судың 60-80%-ын қамтамасыз ететін тау экожүйелерін сақтау мәселелерін, сондай-ақ мұздықтардың еруін азайту және тау экожүйелерінің флорасы мен фаунасын сақтау бойынша бірлескен шараларды талқылады.

М.Тілеуберді Орталық Азиядағы мұздықтардың массасы соңғы 50 жылда 20-30%-ға қысқарғанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстандағы 2724 мұздықтың ішіндегі ең ірісі «Тұйық-су» мұздығы жыл сайын 1 млн тоннаға жуық көлемін жоғалтуда. Бұл теріс процесс азық-түлік, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздіктің маңызды тәуекелдерін көтереді. Осыған байланысты ол климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға шақырды.

БҰҰ-ның бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстанның бастамасы бойынша қабылданған қарарына сәйкес 2022 жыл «Халықаралық тұрақты тау даму жылы» деп жарияланғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Министр М.Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер және әлем құрылысы мәселелері жөніндегі орынбасары Розмари ДиКарломен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Орталық Азия мен Ауғанстандағы ахуалды, сондай-ақ Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.

М.Тілеуберді Қазақстанның өңірдегі, оның ішінде Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа бейілділігін атап өтіп, еліміздің өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігері туралы, оның ішінде Қазақстанның оқу орындарында ауған қыздарына арналған Еуропалық одақпен бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру арқылы хабардар етті.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстанның ауған халқына көрсететін экономикалық және гуманитарлық көмегін, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың тамыз айында БҰҰ Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының персоналын Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы шешімін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар БҰҰ Ауғанстандағы уақытша қашықтағы офисінің мәртебесі туралы келісімге қол қойды.