МҚІА басшысы іссапар аясында Агенттіктің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиал қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге қатысты тапсырмаларын іске асыру  бойынша Агенттік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтылды.

Дархан Жазықбаев мемлекеттік аппараттың жұмысында бюрократияға жол бермеу, мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру және кадр процестерін автоматтандыру, стратегиялық HR-дың дамуына бағытталған іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

Агенттік төрағасы Алматы қаласының жас мемлекеттік қызметшілері және мемлекеттік қызмет көрсетушілерімен кездесіп, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің жұмысымен танысты.

Мемлекеттік қызметшілермен кездесу аясында сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы білікті кадрлардың маңызды рөлі аталып өтті. Дархан Жазықбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын және адамға бағдарлануын арттыруды көздейтін жаңа тәсілдерге, мемлекеттік қызметке талантты жастарды барынша тарту бағытындағы жобаларға тоқталды.

Мемлекеттік қызметке іріктеу рәсіміне жүйелі өзгерістер енгізіп, мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамын білімді жастармен жасақтау мәселесі Агенттіктің басты назарында.

Бүгінде мемлекеттік қызметке дарынды әрі білікті жастарды тартуға арналған бірегей жоба – Президенттік жастар кадр резервінің 13 мүшесі Алматы қаласының мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік ұйымдарында жауапты қызметтер атқарады.

Шараға қатысушылар өңірдегі мемлекеттік қызмет саласының жағдайы және оны дамыту мәселелері бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, Агенттік басшысына мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.