Қатысушылар білікті мердігерлік ұйымдардың тізілімін енгізу мәселелерін талқылады.

Лицензиялау және аттестаттау мониторингі және бақылау басқармасының бас сарапшысы Мұрат Нұрманов атап өткендей, құрылыс нарығындағы қазіргі жағдайдан лицензиялау жүйесі құрылыс ұйымдарының біліктілік дәрежесін жеткілікті дәрежеде көрсетпейтінін байқауға болады. Жалпы еліміз бойынша тиісті лицензиялары бар 90 мыңнан астам құрылыс және жобалау компаниялары жұмыс істейді.

«Берілген лицензиялардың қолданыстағы тізілімі құрылыс ұйымының білікті персоналмен, материалдық-техникалық базамен және қаржы ресурстарымен қамтылуы мен жұмыс тәжірибесі бойынша мәліметтерді көрсетпейді. Осыған байланысты біз «білікті мердігерлік ұйымдардың тізілімі» ұғымын енгізу арқылы құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесінің жаңа тәсілін ұсынамыз», – деп атап өтті басқарманың бас сарапшысы Мұрат Нұрманов.

Бұл тізілімді Е-Құрылыс ақпараттық жүйесі базасында автоматты режимде енгізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың интеграцияланған ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерді көрсетеді және мердігер ұйым туралы техникалық мәліметтердің толық пакетін қамтиды.

Ұсынылып отырған бастама құрылыс қызметтері нарығын білікті емес мердігер ұйымдардан босатып, мердігер құрылыс компанияларына белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тізілімнен шығаруды автоматтандыруға, сол арқылы құрылыс процесінде сапа мәселесіне баса назар аударуға мүмкіндік бермек.