Министр мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Жыл басынан бері Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында 967 тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша 4 143 бұзушылық анықталды.
«Бұл бұзушылықтардың көпшілігі бейімделген объектілерді бақылаудан кейінгі тексеру нәтижесінде анықталды. Жергілікті атқарушы органдар бір нәрсені мәлімдейді, ал іс жүзінде басқа болып шығады. Сіздер бұл мәселеге нақты көзқараспен қарауыңыз керек. Мысалы, егер мектепте ерекше қажеттіліктері бар оқушы болмаса, қазір бейімдеудің қажеті жоқ. Сіздер мүгедектігі бар адамдар үнемі баратын объектілердің, яғни емханалардың, дәріханалардың, ХҚКО-лардың және басқа да мекемелердің толық бейімделуін қамтамасыз етулеріңіз керек. Сондықтан сіздер жоспарларыңызды қайта қарап, қажет болған жағдайда объектілерді бейімдеуді қамтамасыз етулеріңіз керек», – деді Тамара Дүйсенова.
Еңбекминінің басшысы 2023 жылдан бастап екі пилоттық жобаны іске асыруды ұсынды. Біріншісі, әрбір өңірде мүгедектігі бар адамдардың тұруына тікелей жақын жерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы аз бір үй ашу. Екіншіден, әрбір өңірде мүгедектігі бар балаларға арналған қымбат тұратын оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) беру жөніндегі орталық «ОТҚ паркі» құрылсын. ОТҚ сатып алу «Қазақстан халқына» қорының қолдуымен болады деп жобалануда.
Министр сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын жетілдіру міндетін қойды.
«Мен жұмыс сапарымен Қазақстанның түрлі өңірлерінде болдым. Барлық жерде мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін оңалту қызметтері және ОТҚ-ның сапасына қатысты мәселені көтереді. Жергілікті атқарушы органдар жыл соңына дейін азаматтардың барлық шағымдарын талдап, биыл сапасыз тауарлар мен қызметтерді ұсынғандарды келесі жылы Порталдан шығару үшін бізге тиісті хаттар жіберуі керек. Ашығын айтқанда, нашар жеткізушілер Порталда болмауы тиіс», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.