Кездесу барысында тараптар азаптауды тергеу және бейбіт жиналыстар өткізу саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бөлігінде елде жүргізіліп жатқан Конституциялық жаңғыртудың іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ, полиция, прокуратура органдары, пенитенциарлық жүйе қызметкерлері және ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары үшін адам құқықтарын сақтаудың заңдық және практикалық аспектілері бойынша тренингтерді ұйымдастыруда техникалық көмек көрсету мәселелері қозғалды.
Қазақстандық омбудсмен өз сөзінде адам құқықтарын тиісінше қамтамасыз ету Қазақстан мен Еуроодақ арасында ортақ құқықтық кеңістік құру контекстінде өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін маңызды бағыт болып табылатынын айтты. Уәкіл 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларды жалған түсіндірме ақпараттарына жол бермеу үшін еуропалық әріптестерімен сындарлы диалогқа мүдделі екеніне баса назар аударды.
«Біз одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа және құқық қорғаушы күн тәртібінің, соның ішінде жалған ақпарат фактілерін болдырмау мақсатындағы алдымызда тұрған міндеттерді еуропалық серіктестермен бірлесіп шешуге дайынбыз», – деп атап өтті Ластаев.
Өз кезегінде Янкаускас мырза Еуроодақтың Қазақстанның құқық қорғау органдары мен құқық қорғаушы институттары қызметкерлерінің сараптамалық әлеуетін нығайту үшін оқыту тренингтерін ұйымдастыруға дайындығын, қаңтардағы наразылықтар аясында жасалған адам құқықтарының бұзылуын Үкіметтің тиімді және бейтарап тергеуінің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Швеция елшісі Е.Пулану бейбіт жиналыстар өткізуде адам құқықтарын сақтау бөлігінде құқық үстемдігі, еңбек стандарттары және заңнаманы реформалау мәселелері бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Австрия елшісі В.Кемпель азаптау құрбандарына өтемақы төлеу, сондай-ақ БАҚ туралы жаңа заң жобасы аясында сөз бостандығын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Кездесу соңында тараптар құқық қорғаушы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.