Оның сөзінше, 2022 жылдың қорытындысы барлық сыртқы күйзелістерге қарамастан, сақтандыру нарығы орнықтылығын көрсетті. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру ұйымдарының активтері 2 трлн 067 млрд теңгені құрады, өсім – 13%. Негізінен бұл сақтандыру сыйақыларының артуы мен инвестициялау есебінен болды. Сақтандыру нарығының міндеттемелері жыл басынан бері негізінен сақтандыру резервтерінің өсуі есебінен 18,8%-ға ұлғайып, 1 трлн 291 млрд теңгені құрады. 


«2023 жылы қаңтарда жеке және заңды тұлғалар сақтандыру бойынша 945 505 шарт жасасты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,9%-ға артық», – деді спикер. 


Мария Хаджиева сақтанушылар санының артқанын айта келе, Агенттіктің негізгі міндеті сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін құру екенін атап өтті. 


«Бүгінгі таңда үш деңгейлі қорғаныс жүйесі бар. Бұл – сақтандыру нарығына қатысушылардың қаржылық тұрақтылығын және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін агенттік. Агенттіктің реттеуші құралдарының бірі – қаржы нарығына қатысушылардың қаржылық қызметтерді тұтынушылармен жұмыстың этикалық мінез-құлық стандарттарын сақтауына негізделген тәртіпті қадағалау. Сондай-ақ сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі мен сақтандыру омбудсмені институты», – деді спикер.