Спикердің айтуынша, адамдар, өкінішке орай, тез және көп ақша табуға үміттеніп, алаяқтардың тұзағына түседі. Сондықтан желідегі тез табыс туралы барлық ұсыныстарға аса сақтықпен қарау керек.

Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың осы түріне қарсы күресті жүзеге асырады, «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасын іске асыруда.

Спикердің айтуынша, әрбір қаржы пирамидасы төрт кезеңнен өтеді: бастау-өсу-дағдарыс-күйреу.

«Біздің міндетіміз – жалған қаржы компанияларын олардың жұмыс істеуінің ерте сатысында анықтауды қамтамасыз ету. Ол үшін мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленді», - деді ҚМА өкілі.

Брифингте тәжірибеден мысал келтірілді. Екінші деңгейлі екі банк ҚМА-ға бұрын алаяқтығы үшін сотталған И. атты азаматтың күдікті операциялары туралы хабарлаған. Қаржы пирамидасы жалпы күш-жігердің арқасында жойылды. Еліміздің 8 өңірінде оның қызметіне салымдардың жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 3 мыңнан астам адам тартылған. Тергеу аясында құны 1,1 млрд теңге болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Бұл қаражат жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталды. 25 эпизод бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді, әлеуметтік желілерде олардың ресми аккаунты жабылды, деді спикер.