Ол бірінші кезекте Мемлекет басшысының бизнесті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Жаңа Парламент сессиясының ашылуында Президент іскерлік белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс шағын және орта бизнесті қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бизнесті қорғау үшін агенттік жыл басынан бері жаңа «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп іске асырылып жатқан жоба кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешіп, оларға қолдау көрсетуді көздейді.

«Біз бизнеспен күнделікті кездесулерде олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің негізсіз кедергі жасап отырғанын анықтаймыз. Осы мәселені талқылап, атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жаңа басталған бизнестің, орта бизнестің болашағын, тиімділігін арттыруға атсалысамыз», – деді С. Ахметжанов.

Қазірге дейін жоба аясында 7 мың кәсіпкермен кездесу өткізілген, кәсіпкерлерден жалпы 600-ге жуық шағым түскен, сол шағымдар бойынша 242 мәселе қанағаттандырылған, басқа шағымдар бойынша жұмыстар жалғасуда. 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалды. 47 лауазымды тұлға бизнеске кедергі жасаған әрекеттеріне сәйкес әкімшілік және басқа да жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Превенция қызметінің басшысы адал кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға жол бермеуге баса назар аударылатынын айтты. Аумақтық департаменттер берілген алгоритм бойынша кәсіпкерлерге байланысты барлық тергеу амалдарын тек орталық аппаратпен келісіп атқарады.

«Өткен жылдың маусым айынан бастап бизнеспен жүргізілген 5,5 мыңнан астам іс-қимыл туралы аумақтардың 996 қорытындысы қаралды. Аталған шаралар тергеуге зиян келтірместен, кәсіпкерлерді 900-ге жуық тергеу әрекеттерінен қорғауға мүмкіндік берді», – деді басшы.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерді шақыртуы үш есе қысқарған. Осы мәселе бойынша қандай да бір сұрақтары туындаған кәсіпкерлер 1424 колл орталығына хабарласа алады, деді ол.