Бүгінгі таңда әлемдегі және аймақтардағы жағдайларға байланысты Қарулы күштердің атқаратын рөлі маңызды. Қазіргі ішкі және сыртқы қауіптер еліміздің әскери қауіпсіздігіне ерекше көңіл аударуды қажет етіп отыр.

Осыған орай азаматтарымыз «Егер ел басына күн туса Қарулы күштеріміздің қандай мүмкіндігі бар?» деген сауалдарды жиі қоятыны рас», дейді спикер. Сондықтан ол әскерлердің даярлығын ұйымдастырудағы жаңа бастамалар және Қарулы күштерде өткен оқу-жаттығулар туралы егжей-тегжейлі баяндады.  

«Соңғы екі жылда Қарулы күштердің құрылысы мен дамуы бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Жаңа мемлекеттік жоспарлауға сәйкес әскери қауіпсіздік саласы жөніндегі құжаттар қайта әзірленді. Мемлекет басшысы Қарулы күштердің даму тұжырымдамасын бекітті. Әскери доктринаны қайта жандандыру жұмыстары жүргізілді», - деді Д. Абдуллин.

Қазір Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылымы жетілдірілуде. Өңірлік қолбасшылық пен десанттық шабуылдау әскерлерінің жауапты аймақтары нақтыланды. Мемлекет басшысының  Қарулы күштердің дағдарысты ахуалдарға барабар ден қоюына қатысты әзірлігін арттыру бойынша тапсырмасы аясында дағдарысты жою және оның алдын алу үшін негізгі құрал ретінде арнайы операциялар күштерін құру жалғасуда.

«Урбанизацияланған жерлердегі іс-қимылдағы бейімделген бөлімшелерді құру жоспарланған. Десанттық шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіндігін арттыру шаралары өзектендірілуде. Жүзеге асырылған іс-шаралар тез және батыл іс-қимылдарда десанттардың әмбебап құрал ретіндегі рөлін арттыру мүмкіндік берді», - деді полковник.

Сонымен қатар шекарашылардың, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушы компоненттерінің дамуымен тығыз байланыста Қарулы күштер саласында стратегиялық бағыттардағы дербес топтар құру жалғасуда.

Д. Абдуллин сондай-ақ қазіргі таңда бірде-бір қарулы қақтығыс ұшқышсыз ұшатын авиацияны қолданусыз өтпейтінін ескере отырып, осы бағытты дамыту мақсатында Бас штабта Ұшқышсыз авиациялық кешенді дамыту департаменті құрылғанын айтты.

«Армияны қайта құруда осындай бірқатар қадам жасалуда. Бұл процестің күрделі екенін ұғып отырмыз. Өткізілетін іс-шаралардың тиімділігі көбінесе мемлекетіміздің экономикалық жағдайы мен және мүмкіндігімен айқындалады. Қазіргі таңда Қарулы күштеріміз қарсыластың кеңінен қолданатын дәстүрлі немесе гибридті әдістері мен күрес жүргізетін әр түрлі ауқымдағы әскери қақтығыстарда мемлекетіміздің мүдделерін қорғауға әзір болуы керек», - деп түйіндеді сөзін Қарулы күштер департаменті бастығының орынбасары.