Спикердің айтуынша, ҚР ҚК Бас штабы қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың тәжірибесін мұқият зерттеп, талдайды. Тәсілдерде елеулі өзгерістер орын алуда, Қарулы күштердің жауынгерлік біліктілігі, мемлекеттің жұмылдыру әзірлігі шешуші мәнге ие. Жауынгерлік дайындық барысында бөлімшелердің «бөлімше-взвод-рота» буынындағы, әсіресе урбанизацияланған жерлерде әрекет ету тактикасы жетілдіріліп, олардың дербестігі артады. Нәтижесінде басқаруды барынша орталықсыздандыра отырып, тактикалық буын құрылымдарын қолдану арқылы жедел стратегиялық мақсаттарға қол жеткізіледі.
«Инфрақұрылымдық соғыс жағдайында, энергетика және коммуникация объектілеріне залал келтірілгенде, әуе шабуылына қарсы қорғаныстың тиімділігі ерекше рөл атқарады. Шын мәнінде, әуе кеңістігін бақылау құрлықтағы күштердің әскери жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар соғыс уақытында экономиканың жұмыс істеуі мен халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етеді», - деді ҚР ҚК Бас штабының өкілі.
Д.Абдуллинн атап өткендей, жалпы оң және теріс тәжірибені Бас штаб әскери жоспарлау құжаттарында, әскерлерді жедел-жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы іс-шараларында ескереді.
Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарды жедел даярлау іс-шараларына тарту дәстүрге айналуда, деп атап өтті әскери ведомство өкілі. Бұл ретте ол «Батыс-Тойтарыс» оқу-жаттығуы туралы айтып берді, оның аясында министрліктердің басшыларын, облыс әкімдерін, сондай-ақ осы өңірлердің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің басшыларын тарта отырып, әскери басқарудың орталық органдарын – Жоғарғы Бас қолбасшылықтың ставкасын өрістету мәселелерін пысықтау көзделіп отыр.
«Биыл сәуір айында дағдарыстық жағдайларға ден қою бойынша өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында «Бекет» кешенді оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуға күш құрылымдарынан басқа, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері атынан азаматтық сектор өкілдері қатысты. Жеке құрамнан 4 мыңға жуық адам мен 90 бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды», - деді спикер.
Оқу-жаттығу төтенше және әскери жағдай режимдерін енгізе отырып, облыстың қорғаныс кеңесінің жедел штабтарының қызметін ұйымдастыру бойынша оқу мәселелерін пысықтаумен екі кезеңде өткізілді.
«Көктал» полигонында оқу-жаттығудың соңғы кезеңінде десанттық-шабуылдау әскерлерінің, күштік құрылымдар бөлімшелерінің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, ТЖМ заңсыз бандалық құрылымдарды бұғаттау және жою, сүзу пунктінің жұмыс істеуі, босқындарды орналастыру бойынша бірлескен іс-қимылдарының практикалық көрсетілімі өткізілді. Дағдарыс жағдайында басқару шешімдерінің жедел қабылдануына және ден қойылуына әсер ететін негізгі проблемалар анықталды», - деді ҚР ҚК Бас штаб департаментінің бастығының орынбасары.
Жетісу облысының әскерлері мен жергілікті атқарушы органдарының әрекеттеріне жоғары баға берілді. Оқу-жаттығудың барлық міндеттеріне қол жеткізілді, деп түйіндеді спикер.