Қазір Қазақстанның 9 өңірінде қала халқының сумен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100%-ға жетіп отыр.

«Сумен жабдықталу деңгейі төмен өңірлерге басым түрде қаражат бөлініп, бұл аталған бағыттағы жұмысты қарқындатумен бірге тиісті көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Марат Қарабаев.

Ведомство басшысының айтуынша, таза сумен қамтамасыз етуде Жамбыл (91,9%) облысындағы қалалар мен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында баяу динамика байқалып отыр.

Бұл ретте биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салып, жаңғырту жөніндегі 400-ден астам жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді. Осы арқылы жыл соңына дейін қалалардағы сумен қамтамасыз етілу көрсеткішін 98,8%-ға, ал ауылды елді мекендерде 96,3%-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар М.Қарабаев су тазарту жүйелерінің қауқарын арттырып, магистральды су құбырларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды.

«Таза суды тарту бойынша кезеңдік жоспар әзірленіп, соған сәйкес барлық елді мекен қамтылатын болады. Әрбір қалалық және ауылды елді мекенге байланысты мониторинг жүргізіліп келеді. Оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстары, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын іске асыру мәселелері бар», - деді министр.

Бұған қоса, ведомство басшысы су ресурстарын үнемдеу мақсатында сумен жабдықтау, су бұру және оны тазартатын жүйелердің өндіріс процестерін автоматтандыруды ұсынды. Бұл арқылы су арналарының барлық кезеңінде қажетті ресурсты есепке алудың кешенді жұмысы жүргізілмек.

«Сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің гидромоделін құру үшін барлық өндіріс учаскесінде судың көлемін өлшейтін жабдықтарды орнату қажет. Өз кезегінде автоматтандыру ісі су арналарының алдағы уақыттағы шығындарын азайтуға, сондай-ақ тиімді даму моделін жолға қою арқылы су инфрақұрылымын салып, жаңғыртуға жұмсалатын мемлекеттік қаражатты үнемдеуге септеседі», – деді М.Қарабаев.