АШМ басшысы ҚХР-ға сапары барысында Қытайдың салалық мемлекеттік органдарының басшылығымен, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының 40%-дан астамы Шыңжаңға тиесілі, 2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 382 млн долларды құрады.

Ербол Қарашөкеев еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайтуға көп мән беретінін атап өтті. Қазір Қытайда органикалық және экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін тұтынуға сұраныс артып келеді.

Қазақстан мұздатылған ет жеткізуді қайта бастауға, салқындатылған ет және балық өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, шошқа еті, жұмыртқа, жылқы еті және басқа да тауар түрлерін экспорттауды бастауға дайын.

Алайда экспорттық әлеуетке Қытай тарапынан уақытша енгізілген ветеринариялық шектеулер кедергі келтіруде. Бұл ретте Қазақстанда жұқпалы аурулар бойынша салауаттылықты қолдау үшін барлық қажетті ресурстар бар, олар Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының сараптамалық миссиясымен белгіленген.

«Жануарлардың ауруларын екі жақты шектеу тәжірибесі ұзақ жылдарға жалғасатын сауда кедергілеріне әкеліп соғады. Менің ойымша, тиімсіз сауда тәсілдерін қайта қарайтын және бүкіл аумақтан экспортты шектемей, біздің елдерімізді аймақтандыруды тануға көшетін уақыт келді, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу мерзімдерін қысқарту қажет», – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, Қытай нарығы қазақстандық астық экспорты үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр.  Бүгінгі таңда жыл сайынғы жеткізілім көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да көп ұлғайтуға мүмкіндік бар. ШҰАА-ға жеткізілетін өнімдердің тізіміне бұршақ дақылдары, сондай-ақ майлы дақылдардың күнжарасы  қосылуы мүмкін, бұл өз кезегінде елдеріміздің арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал ететін болады, деп атап өтті министр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға келісті, оның шеңберінде барлық басым бағыттар бойынша өзара іс-қимыл, оның ішінде елдердің арасындағы саудадағы кедергілер алынатын болады.