Спикердің сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізер алдында халықтың 8 әлеуметтік осал санаты қымбат тұратын компьютерлік томография мен МРТ зерттеулерге қол жеткізген. Егер 2019 жылы осындай 200 мың зерттеу жүргізілсе, былтыр сақтандырылған азаматтар 1,5 млн-ға жуық қызмет ала алды. Өсім - 7 есе.
«Алғаш рет ересек пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, ортопедиялық, онкологиялық аурулар кезінде медициналық оңалту қолжетімді болды. Жалпы 253 мың пациент стационарлық деңгейде оңалтудан өтті», - деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Жыл сайын шетелге шықпай-ақ буындарды ауыстыру бойынша қосымша 4 мың ота қаржыландырылады. Әрбір отаның құны шамамен 1,5 млн теңге. Жаңа бағдарламаның арқасында «бедеулік» диагнозы қойылған 7 мың ерлі-зайыпты ата-ана болуға мүмкіндік алды. Мұндай ерлі-зайыптылардың қазір 3200 баласы бар, деп атап өтті спикер және ЭКҰ-ның бір циклінің құны 1 млн теңгеден асады. Бұл қаражаттың барлығы медициналық сақтандыру қорынан төленді.
Вице-министрдің айтуынша, стационарды алмастыратын көмек 1,3 есеге артты. Енді әр өңірде ең көп таралған жүрекке жасалатын ота - жүрек тамырларын стенттеу жүргізіледі. Былтыр әрқайсысының құны 1,5 млн теңгені құрайтын 25 мыңға жуық ота жасалған.
Сонымен қатар амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектерге қолжетімділік айтарлықтай өсті. 2019 жылы 2,4 млн адам тегін дәрі алса, өткен жылы олардың саны 4 млн дейін өсті.
МӘМС енгізу қаржыландыруды екі еседен астам – 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі денсаулық сақтау шығындарының үлесі 2018 жылғы 2,8%-дан 2022 жылы 3,6%-ға дейін өсті.
«Мемлекет басшысы 2027 жылға қарай денсаулық сақтау шығындарын ЖІӨ-нің 5%-на дейін арттыруды тапсырды. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары және орта есеппен ЖІӨ-нің 9-10% құрайды», – деді денсаулық сақтау вице-министрі.
Оның айтуынша, медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың бірыңғай жүйесі құрылды, шығыстардың ашықтығы қамтамасыз етілді, қызметтерді негізсіз артық тұтынудың алдын алу үшін шаралар қабылдануда. ТМККК және МӘМС қаржы ағындарын бірыңғай пулға біріктіру үшін заңнамалық база қамтамасыз етілді, бұл медицина қызметкерлері үшін пакеттерді жеңілдетеді және халыққа медициналық көмек көрсету процесін жеделдетеді.
«Цифрландыру шеңберінде «Е-денсаулық» бірыңғай экожүйесі іске қосылуға дайындалуда, ол дербестендірілген қаржылық есепке алуды және медициналық қызметтерді тұтынушының виртуалды шотында ақшаны қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Тимур Сұлтанғазиев.