Ол қазіргі таңда әлемде халал мәселесі аса үлкен бағалау жүйесі ретінде қарастырылатынын жеткізді. Елімізде тамақ өнімдеріне көптеп халал белгісі қойылып жатыр, ондай өнімдердің тізімі күннен-күнге ұлғайып барады.
«Ол басында шұжық өнімдерінде ғана болса, бүгінгі таңда макарон, сусын, сүт, кондитер және басқа өнімдерге қойылып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында да бүгінгі күнде халал белгісін көруге болады», – деді аккредиттеу орталығының өкілі.
Өкінішке орай, халал өнімдеріне деген тұтынушылардың үнемі өсіп келе жатқан қажеттілігін және осы салада аккредиттеу, сертификаттау жүйесінің қалыптаспағандығын пайдаланып, сертификаттау жұмыстарын кейбір аккредиттелмеген халал сертификаттары ұйымдары жүргізе бастаған. Бұл ұйымдар сертификаттау деп атап келген жұмыстарында өтінім берген ұйымның өзінің стандарттарын қолданып келеді. Осы стандарттардың жалпыға қолжетімді болмауы себебінен өніммен, өнімнің өндірілу технологиясымен танысу, яғни оның дұрыс-бұрыстығын анықтау да мүмкін емес.
Осыған дейін халал өнімдерінің мәселелері тек мұсылман қауымының ислам дінін ұстану тәжірибесіне қатысты деп қарастырылған себептен ол жеткілікті қарастырылмай келген. Алайда әлемдік нарықтың ашықтығынан және тамақ және химия өнеркәсібінің технологияларының дамуымен халал нарығының аккредиттелген сертификаттау саласы белсенді дамып келеді.
«Халал саласындағы аккредиттеу нарығының дамуына халал деп сатып жатқан өнімдердің құрамында рұқсат етілмеген қоспалардың болуы, атап айтқанда, шошқа етінің, өлген малдың, жануарлардың қаны, генетикалық түрлендірілген организмдердің (ГТО) немесе канцерогендік заттар мен алкогольден алынған ингридиенттер тәрізді мұсылмандар үшін тыйым салынған қоспалардың болуы түрткі болып отыр», – деп нақтылады спикер.
Осылайша, дәстүрлі түсінікпен салыстырғанда, халал түсінігі өнім өндіруді басынан аяғынан дейінгі процес деп қарастыратын жүйе. Яғни, аккредиттелген халал сертификаттау түсінігі ретінде «егістен дастарханға дейін» түсінігін қалыптастыруға тиіс, деп санайды сала өкілі.
Ұлттық аккредиттеу орталығы басшысының орынбасарының айтуынша, аккредиттелген сертификаттау нәтижелері халықаралық саудаға да үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз. Өз кезегінде сертификаттау жұмыстары тұтынушыларға да экологиялық таза, ислам нормаларына сәйкес жасалған және жоғары сапалы өнімдерді ұсынады. Демек, аккредиттелген халал сертификаттау жұмыстары түпкі тұтынушының қауіпсіздігінің және мүддесінің қорғалуын қамтамасыз етеді.