Құжат балаларды оқыту және білім беру ортасында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы бейбітшілік пен толеранттылық, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Резолюция сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу және балалардың білім алуға, оның ішінде қарулы қақтығыстар жағдайында қауіпсіз білімге қол жеткізуінің негізгі қағидаттарын имплементациялау жөніндегі мемлекеттердің міндеттемелерін белгілейді.

Қақтығыс аймақтарынан балаларды репатриациялау және реинтеграциялау бойынша өзінің оң тәжірибесіне сүйене отырып, қабылданған құжатта негізгі элементтердің бірі БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттерді қақтығыстар мен терроризмнен зардап шеккен балаларды, атап айтқанда білім беру арқылы қалпына келтіру және қоғамға қайта кіргізу шараларын қамтамасыз етуге шақыру болды.

Қазақстан резолюция жобасын Орталық Азияның барлық бес бауырлас елдерінің күш-жігерін біріктіре отырып, бірінші өңірлік бастама ретінде ұсынды. Осылайша аймағымыз БҰҰ-ның басты құқық қорғау алаңының картасында пайда болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің Адам құқықтары мәселелері жөніндегі ұстанымдарының айырмашылығына қарамастан, ұсынған құжат 70-тен астам елдің, оның ішінде АҚШ, ҚХР, Еуропалық одақ, Латын Америкасы, Азия және Африка елдерінің бірлескен авторлыққа қосылу түрінде кең қолдауына ие болды.

Резолюция БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің бірауыздан шыққан шешімімен қабылданды.

Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері еліміздің саясатында басым орын алады. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар шеңберінде әлеуметтік қолдауды күшейту, заңға балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қатаңдататын  өзгерістер енгізу, сондай-ақ еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктер қағидатын іске асыру мақсатында білім беруге инвестиция салу қажеттігін атап өтті. БҰҰ АҚК резолюциясын қабылдау қойылған міндеттерді одан әрі іске асыруға ықпал ететін болады.