Ол елімізде жыл сайын азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны өсіп келетінін айтты. 2020 жылы 190 млн қызмет көрсетілсе, 2021 жылы - 231 млн-ға , өткен жылы 270 млн-ға жетті. Үстіміздегі жылдың 9 айының өзінде 202 млн қызмет көрсетілген.
Бұған қоса, агенттік өкілі көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері де ұлғайғанын айтты.
«Өткен жылдың мамыр айына дейін мемлекеттік арппаратпен 600-ден астам қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда мемлекеттік аппаратпен 1353 қызмет түрі ұсынылады. Осы қатарға Президент жарлығымен бекітілген мемлекеттік басқару тұжырымдамасында аталған қоғамдық маңызы бар көрсетілетін қызметтерді қосуға болады. Осылайша, сервистік модельді қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік аппараттың негізгі миссиясы – күнделікті жұмысы халыққа қызмет ету», – деп атап көрсетті Салауат Мүксімов.
Оның айтуынша, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, азаматтардың бюрократияға және әуре-сарсаңға салынбауы басты назарда. Осыған агенттік өз құзіреті шегінде бақылау жүргізеді. МҚІА төрағасының орынбасары келтірген мәліметке сәйкес, жыл басынан ХҚКО-ларда профилактикалық мақсатта 195 кешенді тексеріс, ал азаматтардың шағыдары бойынша 123 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 45 мыңнан аста бұзушылықтар анықталды.
«Соның қатарында мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін бұзу фактілері көш бастап тұр. Олардың үлесі - 92% немесе 19 мыңнан астам. Одан кейін артық құжаттарды талап ету бұзушылықтардың 30%-ын құрайды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзідерін бұзу бұзушылықтардың 19%-ын құрайды. Негізсіз бас тарту – 3%, құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда да мемлекеттік қызмет көрсету – 2%», – деп мәлім етті спикер.
Ол бұзушылықтардың артында азаматтардың жеке өтінімі,мәселесі, өмірлік жағдайы тұрғандықтан келіп түскен арыз шағымдары мұқият қаралатынын жеткізді. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет сапасына қатысты 1мыңнан астам шағым түсті. Оларды қарау аясында 577 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 298 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары әкіщшілік жауапкершілікке тартылды. Және осыған байланысты 22 млн теңгеден астам айыппұл төленді.
«Өкінішке орай, шағымдардың ең көбі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдарының қызметкерлеріне қатысты болып отыр», – деп Салауат Мүксімов өкініш білдірді.
Сондай-ақ, ол азаматтардың көбі мемлекеттік қызмет алу барысында өздерінің құқықтарының бұзылғаны туралы біле бермейтінін атап көрсетті. Әсіресе азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылса,оның негізді немесе негізсіз екенін анықтау қиынға соғады. Сондықтан агенттік шағымдарды күтпестен ақпараттық жүйелер арқылы қашықтан мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде жыл басынан бері 570-тен астам негізсіз бас тарту фактілері анықталып, барлық азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді, деді спикер.