Наурыздың бірінші онкүндігінде елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында бір мезгілде қатты жауын-шашын жауып, ауа температурасы көтерілді. Тәуекелді бағалау критерийлеріне сәйкес, су басу қаупі бар аймақта 217 елді мекен орналасқан. Жыл басынан бері өзендерде мұз кептелістерінің пайда болуына, топырақ бетінде мұз қабығының болуына, мол жауын-шашынның түсуіне, ауа температурасының күрт көтерілуі аясында қардың қарқынды еруіне байланысты еліміздің 10 өңірінде су басу оқиғалары болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығының м.а. Жомарт Асқаров ОКҚ алаңында хабарлады.