2022 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ы субсидияланады. Бұл жеңілдік бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы аналар, көп балалы отбасылар үшін қарастырылған. Қазір 11 мыңнан астам отбасы тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50% төлеу бойынша мемлекеттік қолдауға ие. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ брифингінде хабарлады.