Елімізде қатерлі ісік ауруларына шалдыққан 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын 41 мыңнан астам науқасқа онкологиялық аурулар диагнозы қойылады. Жыл сайын онкологиялық науқастардың саны 5-6%-ға өседі, жалпы, сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Қатерлі ісік ауруының өсуі – бұл әлемдік тенденция, оның бір себебі – халықтың қартаюы, сонымен қатар қазіргі өркениеттің көптеген факторының әсері, яғни дене қозғалысы белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, генетикалық және соматикалық мутацияларды жүзеге асыру. ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов ОКҚ алаңында өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.