Денсаулық сақтау министрлігі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында бірқатар іс-шара іске асырып отыр. Бүгінгі таңда жыныстық жолдар патологиясын дер кезінде анықтап, емдеу шараларын жүзеге асыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Құжатта бекітілген шаралар кешенінде еліміздің барлық 20 өңірінде бас балалар гинекологы тағайындалды. Аймақтық емханалар деңгейінде гинекологиялық патологиясы бар қыз балаларды қабылдайтын бөлмелер ашылды. Стационарларда науқастарды жатқызатын төсек-орындар жасақталды. ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.