Қазақстанда медициналық бригадалар ЖКО орнына келу жылдамдығы бойынша дамыған елдер деңгейінде нәтижелер көрсетіп жатыр. Орта есеппен, жедел жәрдем шақырылған сәттен бастап дәрігерлердің келуіне қалаларда 8 минут және ауылдық жерлерде 9 минут қажет. Сонымен қатар АҚШ-та жедел жәрдем орта есеппен 7 минутта, Германияда – 8 минутта, Канадада – 5-10 минутта, Ұлыбританияда, Италияда – 8 минутта, Түркияда – 10 минутта келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ «Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК директоры Олжас Бекарысов мәлімдеді.