Егін жинау науқанының қорытындысы қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Жеңілдікпен қаржыландыру көлемі, лизингті қоса алғанда, рекордтық 1 трлн теңгеге жетті. Диқандар тұқымдық материалмен, арзандатылған жанар-жағармаймен және қажетті көлемдегі тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралардың және бірлескен жұмыстың арқасында мол өнім алынды, деп хабарлайды Primeminister.kz.