Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында 2024 жылдың қазан айында аумағы 108,6 мың га болатын «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылды. Қазір оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Каспий теңізіндегі сирек кездесетін бекіре тұқымдастардың қорын толықтыру үшін Жаңаталап және Еркінқала учаскелерінде орналасқан Атырау бекіре өсіру зауыты жаңғыртылуда. Бұл шара зауыттың өндірістік қуатын арттырып, шабақ өндіру көлемін жылына 5 млн-нан 7,5 млн данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.