Маңғыстау өңіріндегі маңызды мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Облыста ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы күрделі проблема болды. Аталған мәселені шешу бағытында Ақтау қаласында 46 мың текше метр суды тұщытатын қондырғы іске қосылды. Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлағандай, осы шаралардың нәтижесінде биыл жазда ауыз су тапшылығы болған жоқ.