Бүгінгі таңда елімізде жоғары білімі бар кадрларды даярлауды 127 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы (ҚР жоғары оқу орындары, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары, ғылыми орталықтар мен институттар) 8,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып жатыр. Соңғы бір жылда бағдарламалардың 85%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып жаңартылды. 2025 жылы кәсіби стандарттар негізінде реестрге 727 жаңа білім бағдарламасы енгізілді, 5 607-сі жаңартылды. Осылайша, жоғары оқу орындары «білімге негізделген» модельден құзыреттілік моделіне, формалды сәйкестіктен – «білім беру, еңбек нарығы» арасындағы мазмұнды әрі нақты байланысқа көшуде. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.