Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. Бүгінде Қазақстан – балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты стратегияны әзірлеген санаулы елдердің бірі. Алғаш рет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар тұжырымдамаға біріктірілді. Қазір елімізде шамамен 7 млн бала бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артты. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.