Бұқаралық спортты дамыту - мемлекеттік спорт саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінде 8,5 млн адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Оның 3 млн-нан астамы – ауыл тұрғындары. Осылайша, спортпен тұрақты айналысатын халықтың үлесі 44,5%-ға жетті. Дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу қажет. Елімізде жыл сайын әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізіледі. Оларға 1,2 млн адам қатысады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы - ауыл тұрғындары. Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі маңызды міндеттердің бірі – жаңа спорт нысандарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңарту.
«Мемлекет басшысы 2027 жылды Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Осы бастама аясында өңірлерде әлеуметтік маңызы бар нысандар, соның ішінде спорт нысандары салынып, жөнделеді. Президент атап өткендей, құрылыс басталғанға дейін әр өңірдің осындай нысандарға нақты қажеттілігін анықтап жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде 26 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%-ды құрайды. Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға жеткізу жоспарланған», – деді министр.
2026 жылы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 69 нысан пайдалануға берілді. Оның 51-і – ауылда. Жыл соңына дейін 52 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Сонымен қатар қолданыстағы спорт нысандарын жаңарту және жаңа спорт кешендерін салу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысының заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасының алғашқы нәтижелерінің бірі – Қызылорда қаласында жаңа стадионның ашылуы. 11 мың көрерменге арналған стадион пайдалануға берілді және УЕФА талаптарына сай келеді. Астанада 3 600 орындық жабық футбол стадионы ашылды. Қазіргі уақытта тағы жеті қалада: Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Семей, Алматы, Қарағанды және Көкшетауда жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр.
Қысқы спорт түрлерінен спортшыларды сапалы даярлау үшін Щучинск қаласында Республикалық шаңғы спорты базасы құрылысының үшінші кезеңі іске асырылуда. Балалар футболын және бұқаралық футболды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспары бекітілді. Бүгінгі күнге дейін 869 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 70 алаңды пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Алматы облысы мен Астанада спорт кешендері, сондай-ақ Ұлытау облысының Кеңгір ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Спорт нысандарын салу үшін Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражатын тарту жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі уақытта 37 нысан бойынша қорытынды алынды. Жалпы құны 189,2 млрд теңгені құрайтын 22 жоба бойынша өтінімдер Қаржы министрлігіне жолданды. Оның ішінде жалпы сомасы 148,8 млрд теңге болатын 13 жоба мақұлданды.