Балалар спортын қолдау – Туризм және спорт министрлігінің басты басымдықтарының бірі. Бүгінде 1,8 млн бала мен жасөспірім спортпен тұрақты айналысады. Бұл – олардың жалпы санының 34,6%-ы. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45%-ға жеткізу жоспарда бар. Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру жалғасуда. 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Оған 50 млрд теңге қарастырылған. Ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында осылай деді.
Оның хабарлауынша, жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету, оны цифрлық форматқа көшіру үшін Астана, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағандыда бірыңғай ваучердің пилоттық жобасы іске асырылуда. Жобаның мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Сонымен қатар, оған тағы бес өңір қосылады. Тағы 400 мыңға жуық бала 526 балалар-жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектебінде жаттығады.
Ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық та жыл санап артып келеді. Қазір ұлттық спорттың 11 түрі бар. Олармен 660 мыңнан астам адам тұрақты айналысады.
«Елімізде 37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 22 клуб, 2 дирекция және Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жұмыс істейді. Бұл жұмыстың нәтижесін Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрсетті. Спортшыларымыз 70 медаль жеңіп алды», – деді министр.
Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін халықаралық жарыстардағы жеңістерден де көруге болады. Мәселен, биыл қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Қазақстанның ерлер арасындағы семсерлесуден өнер көрсететін құрамасының жетістігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Бір маусым ішінде Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетті. Нәтижесінде Қазақстанның ерлер құрамасы Халықаралық семсерлесу федерациясының әлемдік рейтингінде алғаш рет көш бастады. Бұл – отандық спорт үшін ерекше жетістік.
Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы бір әлем чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алды. Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Спортшылар 10 салмақ дәрежесінде 4 алтын, 3 күміс, 4 қола иеленді.
Спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстардың бірі – Жапонияның Нагоя қаласында өткен жазғы Азия ойындары. Оның қорытындысы бойынша ұлттық құрама 8-ші орынға тұрақтады. Велоспортшылар көшбасшылық позицияларын растады.