Дене шынықтыру мен спортты дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Бұл – халық денсаулығын нығайтудың тиімді жолы және Қазақстанның халықаралық беделін арттыратын маңызды сала. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары спорт саласындағы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді. Биыл наурыз айында балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Заңға қол қойылды. ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша, 1 баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. 2025-2028 жылдары жаңа жүйені іске асыруға 76,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатты спорт мектептерінің нақты қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.

Өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерді іске асыру да жалғасуда. Олар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі спортшылар мен жаттықтырушылар үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарының бағдарламасына енген, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін қамтитын 67 жоғары спорт түрі айқындалды. Кәсіби спортты қаржыландыру тәсілі де өзгерді», – деді спикер.

Заң жүзінде легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Реформалардың жалпы экономикалық тиімділігі 8 млрд теңгеден асты. Үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын, бұқаралық спортты, ұлттық құрамаларды даярлауды және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда.