Еліміз ірі халықаралық жарыстарды өткізуге сұранысқа ие алаңға айналуда. 2026 жылы Қазақстанда бірқатар ірі спорттық жарыс өтті. Олардың қатарында стенд атудан және бочча спортынан Әлем кубогінің кезеңдері, семсерлесуден халықаралық жарыстар, сондай-ақ дзюдодан Grand Slam турнирі бар. Астанада өткен «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарысы да маңызды оқиғалардың бірі болды. Турнирге әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден астам спортшы 8 спорт түрі бойынша қатысты. ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстандағы маңызды жарыстарға тоқталып өтті.
Солардың бірі – World Aquatics ұйымының қолдауымен жүзуден Әлем кубогінің финалдық кезеңі. Сондай-ақ Қазақстанда күрестен әлем чемпионаты мен Біріккен күрес әлемінің конгресі өтті.
23-27 қараша аралығында Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің отырыстары өтеді. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген сенімін және еліміздің таза спортты дамытуға қосқан үлесін мойындауын көрсетеді.
2027 жылы елімізде бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен, таеквондодан және шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұдан бөлек, 2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-конгресі алғаш рет ұйымдастырылады. Оған Еуропаның барлық 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, УЕФА басшылығы және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады. Сонымен қатар 2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді.