Жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсету қызметін дамыту аясында Астана – Теміртау ақылы жолында жедел жол көмегі қызметі пилоттық тәртіппен іске қосылды. Жолды патрульдеу және жүргізушілерге техникалық көмек көрсету үшін арнайы жабдықталған екі автокөлік бөлінген. Бұл туралы ОКҚ алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев хабарлады.

Оның айтуынша, жоба басталғалы 162 жүргізушіге көмек көрсетілді.

«Бұл қызметтің қыс мезгіліндегі маңызы ерекше. Өйткені қатты аязда көліктің бұзылуы немесе жолда амалсыз тоқтап қалуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда жүргізушілерге дер кезінде көмек көрсету аса маңызды», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, республикалық автожолдар бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы да дамып келеді. Қазіргі уақытта республикалық жолдарда 1429 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді.

2026 жылы тағы 26 жаңа нысан пайдалануға берілді. Оның 22-сі – жанармай құю бекеті, төртеуі – тамақтану орны. Қыс мезгілінде мұндай нысандардың маңызы арта түседі.