Қазақстанның жоғары оқу орындары беделді халықаралық рейтингтерде айтарлықтай жоғарылап, тарихи рекордтар орнатты.

Бұл жетістіктер қолдан жасалған емес, елдегі зерттеу сапасы мен білім беру деңгейінің объективті көрсеткіші болып табылады. Мысалы, беделді QS World University Rankings тізіміне биыл еліміздің 18 университеті енді. Ал ең қатал бағалайтын Times Higher Education (THE) рейтингіне 10 жоғары оқу орны кіріп, бұл бағытта да үлкен серпін байқалды. Соның ішінде бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде Назарбаев университеті рейтингте бірінші орынға тұрақтады. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

«Сонымен қатар QS Asia аймақтық рейтингінде қазақстандық 51 университет топқа еніп, бұл да еліміз үшін тарихи рекорд болды. Оның ішінде, Еуразия ұлттық университеті, Сәтбаев университеті және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік жүздік қатарына енді. Соңғы 20-30 жыл ішінде елімізде өңірлік университеттер арасында халықаралық аренаға көтерілгендер саны артты», - деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министр атап өткендей, Қазақстан жаһандық инновациялық индексте де (GII) айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, қазіргі таңда 73-орында тұр. Бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияда бірінші орында, ал Оңтүстік Азия мен өңірдегі басқа елдер арасында көш бастап тұр. Бұл – еліміздегі зерттеу сапасы мен патенттік белсенділіктің артқанының айқын дәлелі.