Қазақстанда елдегі жоғары білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру мақсатында үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Еліміздегі 73 мыңнан астам жекеменшік және мемлекеттік компаниялар, мекемелер мен кәсіпорындардың қызметі жан-жақты зерттеліп шықты. Осы ауқымды сауалнама нәтижелері негізінде алдағы 3-5 жылға арналған кадрлық тапшылықтар айқындалды. ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, оқу орнын бітірушілердің жұмысқа орналаспау қаупі бар 238 білім беру бағдарламасы толығымен жабылды. Сонымен қатар 16 білім беру бағдарламалар тобы жаңадан қарастырылып, экономика талаптарына сай келетін 407 жаңа білім беру бағдарламасы пысықталып, іске қосылды.

«Біз қазіргі таңда үлкен зерттеу өткіздік, бірнеше зерттеу жүрді. 73 мыңнан астам жекеменшік және мемлекеттік компаниялар, мекемелер, кәсіпорындар, өнеркәсіп орындарының бәрін зерттеп алдық. Жыл сайын осындай жұмыс өткізілетін болады, енді нақты, жылдық, екі жылдық, үш жылдық еңбек нарығының тапшылықтары айқындалып отырады», – деді министр.

Мұндай зерттеу жұмыстары мен нарық сұранысын талдау шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, кадр даярлау сапасын арттыруға басымдық беріледі.