Қазақстанда жоғары білім беру сапасын арттыру және халықаралық стандарттарды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Елге 40-тан астам шетелдік университет келіп, Астанада, сондай-ақ Cardiff, Coventry, Бейжің тіл және мәдениет университеті, МГИМО сияқты беделді оқу орындарының филиалдары ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, алдағы уақытта кез келген өңірдегі филиалдарға барып, студенттердің өзіндік тәжірибе жинақтауына толық мүмкіндік жасалмақ. Соңғы бес жыл ішінде отандық бағдарламалардың сапасы артып, қазақстандық университеттердің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Бұдан бөлек, өңірлердегі университеттердің инфрақұрылымы мен материалдық базасын жақсарту жұмыстары қарқын алуда. Мәселен, Алматыдағы Д. Қонаев университеті, сондай-ақ Петропавлдағы Аризона университеті үлкен ғылыми бағдарламаларға көшіп, жаңа стратегиялық жоспарларға қол қойды. Астана мен Алматыда ашылған Лу бань шеберханалары базасында келесі жылдан бастап Астанада автопилотты жүретін такси қызметі іске қосылып, соңғы бір жыл ішінде 500-ге жуық автопилоттық технологияны меңгерген инженерлер дайындалды», – деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Айта кетерлігі, Coventry университеті 95 млн долларлық инвестициялық бағдарламамен Астана мен Алматыда екі кампус сала бастады. Cardiff университеті ипподромның артқы жағында 20 гектар жерде үлкен кампус салып жатыр. Ал, Ресей химия-технологиялық университеті (Тараз қаласы) дуальды форматты бағдарламаларға көшті. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің үлкен кампусы салынды, оның ресми ашылуы алдағы наурыз айына жоспарланған.
Сонымен қатар Астанадағы New York Film Academy филиалының 16 гектарлық кампусы ашылып, жеке кино индустриясының эко жүйесі қалыптасуда. Былтыр мұнда 100 бала қабылданды. Түркістандағы Woosong (Корея) университетінің 16 қабатты ғимараты ашылды. Былтыр оған 108 бала қабылданса, биыл 206 бала оқуға түсті. Олар киберқауіпсіздік және ЖИ бағыттары бойынша білім алып жатыр.