Қазақстанда жоғары білім беру саласында айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жеті жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында 655 мыңнан астам білім гранты бөлініп, осы бағытқа 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған. Сондай-ақ студенттердің шәкіртақысы соңғы бес жылда кемінде екі есеге, ал жеті жыл ішінде 2,5 есеге өсті. Алдағы уақытта магистратура мен докторантура деңгейіндегі стипендияларды, соның ішінде қазір 260 мың теңгені құрайтын докторанттардың шәкіртақысын тағы екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар 2023 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға жалпы мемлекеттік тапсырыстың кемінде 2%-ы мөлшерінде арнайы квота бөлініп, оларға жатақхана ақысын өтеуге қосымша қаражат қарастырылған.

«Осыдан 4-5 жыл бұрын бастаған стратегиямыз өз нақты нәтижелерін көрсете бастады. Бес-ақ жылдың ішінде 41 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанда оқып жатыр. Бұл - біздің тарихи рекордымыз. Қазақстанда академиялық хаб ретінде толыққанды қалыптасты деп айтуға болады», – деді министр.

Айта кетерлігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 90 мыңға жуық білім гранты тағайындалған.