Биыл ауылдық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуын жақсарту мақсатында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша бірқатар жоба аяқталды. Жұмыстар Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстарындағы халқының жалпы саны 45,5 мыңнан асатын 14 ауылды қамтыды, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Жобалар аясында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 62,9 шақырым су құбыры реконструкцияланды. Сонымен қатар су құбыры құрылыстарына арналған алаңдар, таза су резервуарлары мен су көтеру сорғы станциялары салынды.

«Қазіргі уақытта топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде жалпы саны 443,2 мың адам тұратын 131 елді мекеннің ауыз сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік беретін 14 жоба жүзеге асырылуда», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.

Дереккөз: www.gov.kz