Құжатты әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және туристік бизнес өкілдерінің ұсыныстары ескерілді. Нәтижесінде негізгі бағыт бойынша 66 іс-шарадан тұратын жоспар жасалды. Негізгі назар инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға, визалық саясатты жетілдіруге, жаңа туристік өнімдер жасауға, Қазақстанды халықаралық нарықта танытуға және білікті мамандар даярлауға аударылды. Бұны ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Жұмысымыздың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі – Қазақстанның халықаралық туристік бәсекеге қабілеттілігі. Қыркүйек айында жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінің қорытындысы бойынша еліміз 110 елдің ішінде 56-орынға ие болды. Рейтинг туризмді дамыту жағдайларын сипаттайтын 5 негізгі бағытты қамтиды», – деді министр.

Қазақстан Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанды қоса алғанда, бірқатар мемлекетті басып озды. Рейтинг нәтижелері әлі де қандай мәселелер бойынша жұмыс істеу қажеттігін көрсетіп отыр. Бірінші кезекте бұл – экологиялық тұрақтылық, құрлықтағы инфрақұрылым, туристік сұраныстың тұрақтылығы және мемлекеттік саясаттағы туризмнің басымдығын арттыру. Бұл бағыттар алдағы жұмыста ескерілетін болады.

Е.Мырзабосынов туристік аумақтарды дамыту және туристік маусымға дайындық мәселелеріне де тоқталып өтті.

«Жалпы, биылғы жазғы туристік маусым тиісті деңгейде өтті. Сонымен бірге, туристер санын одан әрі арттыру үшін инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет. Қазіргі уақытта инженерлік желілер мен автомобиль жолдарын салу, жағалауды бекіту және туристік аймақтардың көлік қатынасын жақсарту жобалары іске асырылуда», – деді спикер.

Атап айтқанда, Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын «Алакөл – Көктал» электр желісі салынуда (дайындығы – 95%). Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 17,8 млрд теңге. Алматы облысында Қайыңды көліне (9,9 шақырым) және «Көшпенділер қаласы» (6,8 шақырым) туристік нысанына апаратын жолдар салынды. Шығыс Қазақстан облысында Рахманов қайнарларына апаратын 13 шақырым асфальт төселіп, Қазақстандағы ең биік таулы көпірі бар айналма жолы ашылды. Бұл Катонқарағай, Бұқтырма және Алтаймен жыл бойы қауіпсіз байланыс орнатуды қамтамасыз етеді. Қарағанды облысында Балқаш – Тораңғылық магистральдық су құбырының құрылысы жалғасуда.