Туристерді тартудың маңызды құралдарының бірі - оқиғалы туризм. 2025 жылғы желтоқсанда іс-шаралардың 2026 жылғы күнтізбесі жасалды. Жоспарланған 55 іс-шараның 47-сі өткізілді. Оларға 1,1 млн-нан астам адам қатысты, ал ақпараттық қамту көлемі 270 млн қолданушыны құрады. Олардың ішінде Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі, PGL киберспорт турнирі, Алматы облысындағы «Қымызмұрындық» мерекесі және Шығыс Қазақстан облысындағы «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі бар. Бұл жайлы ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, бұл іс-шаралар туристерді тартуға, өңірлердің танымалдығын арттыруға және олардың туристік мүмкіндіктерін танытуға ықпал етеді. Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2027 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесі жасалуда.
Сонымен қатар министр цифрландырудың туристік саланың тартымдылығын және қызмет көрсету сапасын арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
«Осы бағытта Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы жұмыс істейді. Портал 8 тілде қолжетімді. Онда туристік нысандар, гидтер және алдағы іс-шаралар туралы ақпарат жинақталған. Туристік ағынды есепке алу және шетелдік келушілерді тіркеуді оңайлату үшін eQonaq жүйесі енгізілді. Бүгінде жүйеде 6 млн-нан астам шетелдік қонақ пен 1 млн-нан астам орналастыру орны тіркелген. Жүйе 190-нан астам ел азаматының құжатын смартфон немесе веб-камера арқылы оқуға мүмкіндік береді», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жасанды интеллектіні енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Ол туристік қызметтерді адамның жеке қажеттіліктеріне бейімдеу құралы ретінде қарастырылуда. Мысалы, турист өзінің қызығушылығын, сапар ұзақтығын, бюджетін, бірге баратын адамдар санын және басқа да қалауларын көрсете алады. Осы мәліметтер негізінде жүйе оған қолайлы бағыттар мен туристік өнімдерді ұсынады.