2021 жылғы 13 наурыз бен 30 сәуір аралығында Қазақстандағы Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елшіліктері Француз Альянстарымен және қазақстандық франкофон қауымдастықтарымен бірлесіп Қазақстанда франкофон көктемін ұйымдастырады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мемлекеттердің елшілері «Франкофон көктемі 2021» мәдени іс-шаралар маусымының ашылуы туралы баяндады. Жыл сайын халықаралық франкофония ұйымына мүше елдердің елшіліктері Қазақстанда мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, франкофон мәдениеттерінің және жалпы француз тілінің байлығын атап өтеді.

Негізі 1970 ж қаланған Халықаралық Франкофония Ұйымына барлығы 51 мемлекет кіреді. Ұйымның негізгі міндеттері: мәдени және тілдік әртүрліліктің таралуына жағдай жасау, француз тілінің қолданылу өрісін кеңейту, сонымен қатар, бейбітшілікті, демократияны, Адам құқықтарын, білім беруді және тұрақты дамуды қолдау. Француз тілі сөйлеушілер саны бойынша әлемде бесінші орында, бұл тілде сөйлейтін 300 млн адам дүниежүзінің барлық 5 құрлығында тұрады. Француз тілі 29 мемлекетте ресми тіл дәрежесіне ие, ол ағылшын тілінен кейін екінші орында. Сонымен қатар, бұл тіл ғаламторда қолданылу бойынша төртінші, ал үйренушілер саны бойынша (132 млн. адам үйренеді) екінші тіл болып табылады.

Қазақстанда Франкофония француз мәдени мекемелерінің бай және ауқымды желісінің қызметіне негізделген. Ол Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы төрт Француз Альянсынан және Қостанай мен Өскемен қалаларындағы Француз орталықтарынан тұрады.

Сондай-ақ, Атырау қаласындағы франкофондар клубы, Назарбаев Университетінің франкофондар бірлестігі, Алматы қаласындағы Blablathé қауымдастығы, Astana Francophone қауымдастығы және т.б. көптеген франкофон клубтары бар.